Қоғам болып күресуіміз қажет

Тұрғындардың экологиялық мәдениетінің қандай деңгейде екенін қала сыртына шықпай-ақ байқауыңызға болады. Тіпті алысқа бармай, жанымыздағы Зеленстрой кентін алып қараңызшы. Шашылған қоқыстан аяқ алып жүрер жер жоқ. Өкінішті, әрине! Бірақ, алюминшілер қол қусырып, қарап отырудан аулақ. Өткен сенбіде «World cleanup day» халықаралық экоакциясына қолдау көрсетіп, тағы бір мәрте тазалап шықты.

            Елдің экологиялық мәселесіне алюминшілер ешқашанда бей-жай қараған емес. Бұған дейін қатысып жүрген жергілікті, республикалық және әлемдік деңгейдегі акциялар сөзімізге дәлел. 150-ден астам ел атсалысқан Халықаралық тазалық күні де «Қазақстан алюминийі» АҚ қызметкерлері бас қосты. Бірақ, бұл жолғы сенбілікті өзгеше қылып өткізуді жөн санаған.

Жиналғандардан үш команда жасақталып, басшыларының қолына рация ұстатылды. Үстеріне бірдей күртеше, бастарына бірдей бас киім киген қызметкерлерді бір-бірлерінен ажырату оңай емес еді. Бірақ, әр команда қоқысты өздеріне бекітілген арнайы орынға ғана апарып тастап жатыр. Барлығының қимылдары ширақ. Бұл аймаққа Павлодар алюминий зауытының жұмысшылары тамыз айының ортасында келіп, тазалық жұмыстарын жүргізген еді. Екі күн жүріп, 16 КамАЗ қоқыс шығарған. Алайда, күннен күнге көбеймесе, азаймай тұр. Пластмасса бөтелкеден бастап, түрлі темір-терсек, малдың сүйегі, қағаздарды былай қойғанда, унитаз бен жиһаздарды да далаға шығарып тастағандары көңіл құлазытады.

– Бұл жерде біз бір ай бұрын ғана болған секілді едік. Алайда шашылып жатқан осыншама қоқысты көріп, көңіліміз түсіп кетті, — дейді «Қазақстан алюминийі» АҚ бас экологы Ринат Сарлыбаев. – Бүгін зауыт экологтары, Жастар кеңесінің мүшелерімен біріге отырып, екі сағаттың ішінде 20 тонна қоқыс шығардық. Біздің мониторинг жүргізетін тобымыз зауыттың санитарлық-қорғау аймағын үнемі бақылауда ұстайды, келіп тексеріп отырады. Мүмкіндігінше фотоға түсіріп, әкімдікке жіберіп, қарым-қатынас жасап тұрамыз. Өкініштісі сол, бір жағынан жинап жатсақ, екінші жағынан қолдан жасалған жаңа қоқыс орындары шығып жатады.  Бұл мәселемен қоғам болып күресуіміз қажет.

Неге дәл Зеленстрой аумағы? Себебі бұл жерде экологиялық мониторинг станциясы орын тепкен. Осыдан бір жыл бұрын «Қазақстан алюминийі» АҚ өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың алғашқысы болып атмосфера ауасына мониторинг жүргізу жүйесін жасақтады. Бүгінде бұл жерден орталық қала көшелеріндегі LED-экрандар арқылы қала тұрғындарына бекеттің метеорологиялық параметрлері автоматты түрде жолданып отырады.

Сенбілікке қатысушылардың пікірінше, көбіне техниканың мүмкіндігі келмейтін ағаштардың арасын тұрмыстық қалдықтардан арылтуға тырысқан. Әсіресе, толық ыдырауы үшін жүздеген жылдарды қажет ететін қоқыстарды тазалауға баса мән берген. Аз да болса табиғат-анамен «тілдесіп», өз үлестерін қосқандары үшін кеуделерін қуаныш сезімі кернеп тұрғанын сенбілікке қатысушылардың көздерінен-ақ байқауға болатын еді. Одан бөлек, халықаралық экологиялық акцияға қатысып, жасаған еңбектеріне сай сыйлықтарын да алды. Ең көп қоқыс жинап, көш бастаған топ мүшелері сымсыз құлаққаптарға, екінші орын иелеріне картхолдер, ал үшінші орынды місе тұтқандар әмияндарға ие болды.